“Қайраттың” бұрынғы бапкері еуропалық құраманы тізгіндеді

Футбол шолушысы

Словакиялық маман Владимир Вайсс өз елінің ұлттық құрамасына қайта оралды.

“Қайраттың” бұрынғы бапкері еуропалық құраманы тізгіндеді
tribuna.com

Бұрынғы жұмысына оралды

Словакия футбол одағының мәліметінше, 61 жастағы Владимир Вайсс Словакия құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.

Тәжірибелі маман бұған дейін де бұл құрамамен жұмыс істеген. 2008-2012 жылдар аралығында команданы әлем чемпионатына алып шыққан. Сондықтан Вайсс ел футболы тарихындағы ең табысты бапкерлердің бірі саналады.

Биыл Словакия құрамасы мундиаль жолдамасына таласты. Бірақ шешуші кезеңде сәтсіздікке ұшырады. Команда Косовоға қарсы плей-офф матчтарында сүрініп, әлем чемпионатынан тыс қалды.

Қазақстан футболымен байланысы

Владимир Вайсстың Қазақстан футболына қатысы бар. 2012-2015 жылдар аралығында алматылық “Қайраттың” бас бапкері болды. Осы кезеңде команда Қазақстан кубогын екі мәрте жеңіп алды.

Былтыр Вайсс Алматыға Словакияның “Слован” клубының бас бапкері ретінде оралған еді. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде оның командасы “Қайратпен” кездесіп, финалдық кезең жолдамасын алматылық клубқа беріп қойды.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан Әли Әлиев кеткеннен кейін БАҚ-та Владимир Вайсстың ұлттық құрама тізгінін ұстауы мүмкін екені жазылған. Дегенмен соңында Қазақстан құрамасының бас бапкері болып Талғат Байсуфинов тағайындалды.