"Әл-Наср" қақпашысы чемпиондық матчта әдейі қателесті деп айыпталды
"Әл-Наср” қақпашысы Бенто Сауд Арабиясы чемпионатының 32-турындағы “Әл-Хиляльге” қарсы ойыннан кейін жанкүйерлер сынына қалды. Криштиану Роналду өнер көрсететін команда жеңісті соңғы секундтарда уысынан шығарып алды.
Сауд Арабиясы чемпионатындағы маңызды кездесу 1:1 есебімен аяқталды. “Әл-Наср” жеңіске жеткен жағдайда ел чемпионы атануға бір қадам жақындап қана қоймай, титулды мерзімінен бұрын рәсімдеуге мүмкіндік алатын еді.
Бірақ матчтың 90+8-минутында команда күтпеген жерден гол жіберіп алды. Есептің теңесуіне Бентоның сәтсіз әрекеті себеп болды. Кейін бұл эпизод әлеуметтік желіде қызу талқыланып, бразилиялық қақпашы үлкен дау ортасында қалды.
Қарсылас ойыншымен сөйлескен видеосы тарады
Ойыннан кейін желіде Бентоның “Әл-Хиляль” қорғаушысы Әли Әл-Ладжамимен сөйлесіп тұрған видеосы кеңінен тарады. Айта кетейік, Әл-Ладжами бұған дейін қақпашымен бір командада ойнаған.
Дәл осы футболшының ауттан доп енгізуінен кейін “Әл-Хиляль” қосымша уақытта таразы басын теңестірді. Осы жайт кейбір жанкүйерлердің күдігін күшейтіп, олар Бентоны әдейі қателесті деп айыптай бастады.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі испаниялық тілде эмоцияға толы жазба жариялаған:
“Бентоның бұрынғы командаласы Әли Әл-Ладжамимен қалай сөйлесіп тұрғанына қараңыздар. Ойын аяқталуға 10 секунд қалғанда дәл сол ойыншы аутты орындады. Ол оған миссияны аяқтау үшін соңғы нұсқауларын беріп тұрғандай. Бенто ресми түрде сатылды”, – деп жазды жанкүйер.
“Әл-Наср” чемпиондық жарыста көш басында қалды
Бұл тең нәтижеден кейін “Әл-Наср” чемпионаттағы бірінші орнын сақтап қалды. Криштиану Роналду бастаған команда еншісінде 83 ұпай бар.
Ал “Әл-Хиляль” 78 ұпай жинап, чемпиондық бәсекені жалғастырып келеді. Екі клуб арасындағы айырмашылық сақталғанымен, соңғы турлардағы әрбір ұпай титул тағдырын шешуі мүмкін.
Бентоға қатысты айыптаулар әзірге тек жанкүйерлердің әлеуметтік желідегі пікірі деңгейінде қалып отыр. Ресми тараптан қақпашының әдейі әрекет еткені туралы нақты дәлел немесе мәлімдеме жарияланған жоқ.