"Бізге ешкім хабар берген жоқ": Боранбаев 15 клубтың ҚФФ-қа жолдаған хатқа қатысты пікір білдірді
Бұған дейін Қазақстанның 15 клубы Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровқа хат жолдағаны хабарланған еді.
"Қайрат" футбол клубының иесі Қайрат Боранбаев қазақстандық клубтардың төрелік мәселесіне байланысты Қазақстан футбол федерациясына жолдаған ұжымдық хатына қатысты пікір білдірді.
ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Боранбаев бұл бастама туралы клубтың алдын ала хабардар болмағанын айтты.
Боранбаев: "Бұл хат туралы БАҚ арқылы білдік"
Қайрат Боранбаевтың сөзінше, "Қайратқа" аталған хатқа қатысты ешкім ресми түрде жүгінбеген.
"Қайрат" футбол клубына бұл хат бойынша ешкім хабарласқан жоқ. Біз бұл туралы БАҚ-тағы жарияланымдардан білдік. Кімнің бастамасы екенін және неге бізге шықпағанын білмейміз. Сондықтан пікір айту қиын. Біз әділ төрелікті жүз пайыз қолдаймыз. Федерацияға қоятын сұрақтарымыз шынымен көп, мен оны үнемі айтып жүрмін. Әр матчтан кейін шағым жолдаймыз", — деді Боранбаев.
15 клуб ҚФФ президентіне хат жолдаған
Бұған дейін Қазақстанның 15 клубы Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровқа хат жолдағаны хабарланған еді. Олардың қатарында Қазақстан Премьер-лигасының 13 клубы және бірінші лиганың екі командасы бар.
Құжатта клубтар төрешілер корпусының жұмысына наразылық білдіріп, төрелік департаментінің басшысы Нуну Каштрудың қызметінен кетуін талап еткені айтылды.
Қазіргі ақпарат бойынша, аталған үндеуге "Қайрат", "Ақтөбе" және "Оқжетпес" клубтарының қолы қойылмаған.
Қазақстан футболындағы төрелік мәселесі
Соңғы уақытта ҚПЛ матчтарындағы төрешілік шешімдер жиі талқыланып жүр. Клубтардың ұжымдық хаты бұл мәселенің жүйелі сипат алғанын көрсетеді.