Ливияда жанкүйерлер премьер-министр кеңсесін өртеді
Оқиға төрешінің даулы шешімінен кейін басталған.
Ливия астанасы Триполиде футбол матчынан кейін жаппай тәртіпсіздік орнап, жанкүйерлер премьер-министр кеңсесінің ғимаратын өртеп жіберді.
Оқиға төрешінің даулы шешімінен кейін басталған. Жергілікті ақпарат көздерінің мәліметінше, матч кезінде арбитр пенальти белгілемей қойғаннан кейін ашуға булыққан жанкүйерлер алаңға басып кірген. Артынша жағдай ушығып, қала көшелерінде қақтығыстар басталған.
Қақтығыстан қаза тапқандар
Тәртіпсіздікті басу үшін әскерилер оқ атуға мәжбүр болған. Қақтығыс салдарынан бір сарбаз қаза тауып, тағы жеті әскери жараланған.
Кейін тәртіпсіздік Триполидің бірнеше ауданына тараған. Наразылық білдірушілер премьер-министр канцеляриясы орналасқан ғимаратқа шабуыл жасап, үкімет кешеніндегі бірнеше кеңсені өртеген. Сондай-ақ Аль-Сикка-роуд ауданындағы үкіметтік кешен ішінде бірнеше ғимаратқа от қойылған. Сонымен қатар стадион маңында қауіпсіздік күштерінің көліктері мен жергілікті телеарналардың бірінің автокөлігі өртелген.
Тәртіпсіздікке матчтағы төреші шешімдері себеп болғаны айтылуда. «Аль-Иттихад» клубы ойын барысында қабылданған барлық шешімдерді қайта қарап, матч нәтижесіне әсер еткен әрекеттерге қатысты арнайы тергеу жүргізуді талап етті.
Әзірге Ливия билігі оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.