Ламин Ямаль әлем чемпионатының алғашқы матчтарына қатыспайды

Спорт шолушысы

Футболшы жарақатынан толық айығып үлгермеуіне байланысты Кабо-Вердеге қарсы ойынға қатыспауы ықтимал.

Ламин Ямаль әлем чемпионатының алғашқы матчтарына қатыспайды
Getty Images

Шетелдік баспасөз құралдарының мәліметінше, футболшы әзірге қалпына келуді жалғастыруда. Еске салсақ, Ламин Ямаль сәуір айының соңында “Сельта” клубына қарсы матчта жарақат алған. 

Екінші матчқа да қатысуы белгісіз

Сонымен қатар Ямальдың 21 маусымдағы Сауд Арабиясына қарсы ойынға қатысуы да әзірге нақты емес. Дереккөздердің хабарлауынша, футболшы топтық кезеңнің соңғы турында ғана алаңға оралуы мүмкін. Қазір Испания футбол федерациясы мен “Барселона” клубы ойыншының жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Осы маусымда жас вингер “Барселона” сапында 45 матч өткізді, 24 гол соғып, 16 нәтижелі пас берді. Испания құрамасында 16 жасында дебют жасап, осы уақытқа дейін 25 матчта алты гол соқты.

Тізімге енбеген футболшылар кім?

Мәлімдемелерге сүйенсек, Испания құрамасының кеңейтілген тізіміне Альваро Мората мен Даниэль Карвахаль енбеуі мүмкін. Карвахаль маусымның көп бөлігін жарақатпен өткізіп алса, Мората бапкерлер штабының негізгі жоспарынан тыс қалған.

Айта кетейік, әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.