Қазақстандық футболшы Хаби Алонсоны таңқалдырып көрмек

Бокс шолушысы

Дастан Сәтпаев шілде айында "Челси" сапындағы алғашқы оқу-жаттығу жиынына қатысады. 

Қазақстандық футболшы Хаби Алонсоны таңқалдырып көрмек
NUR.KZ

Қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтпаев алдағы жазда "Челси" сапындағы алғашқы оқу-жаттығу жиынына қатысуға дайындалып жатыр. Лондондық клубпен келісімшартқа отырған "Қайрат" футболшысы жаңа бас бапкер Хаби Алонсоның көзіне түсуге ниетті. Бұл туралы әлеуметтік желідегі Scout in Eurasia аккаунты хабарлады.

Сәтпаев 1 шілдеде "Челсимен" алғашқы жаттығуын өткізеді

Бұған дейін Дастан Сәтпаевтың 1 шілде күні "Челси" сапындағы алғашқы жаттығуына қатысатыны белгілі болған еді. Жазғы оқу-жаттығу жиынында лондондық клубтың жаңа бапкері Хаби Алонсо команда ойыншыларымен танысып, олардың мүмкіндігін бағалайды.

Осы кезең қазақстандық шабуылшы үшін өзін көрсетуге таптырмас мүмкіндік болуы мүмкін. Әсіресе жас футболшының шабуылдағы әлеуеті, техникасы және гол соғу қабілеті бапкерлер штабының назарында болады.

"Хаби Алонсоға әсер қалдыру үшін бәрін жасайды"

Scout in Eurasia мәліметінше, Дастан Сәтпаев "Челсидегі" жиынды асыға күтіп жүр. Дереккөзге жақын адамдардың айтуынша, қазақстандық футболшы жаңа бапкерге өзін барынша жақсы қырынан көрсетуді мақсат етіп отыр.

"Ойыншыға жақын дереккөздердің айтуынша, Дастан Сәтпаев шілде айының басында өтетін "Челси" жиынын асыға күтуде. Олар оның Хаби Алонсоға әсер қалдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтады. Қажет болса, соққыларымен қақпа торын тесуге де дайын", — деп жазды Scout in Eurasia.

Еске салайық, Дастан Сәтпаев 2025 жылдың ақпан айында "Челси" клубымен келісімшарт жасасқан. Алайда ол лондондық команданың толыққанды ойыншысы ретінде тек 18 жасқа толғаннан кейін ғана тіркеле алады.

Футболшы 18 жасқа тамыз айында толады. Сондықтан жазғы жиын оның "Челси" жүйесіне бейімделуі мен болашақтағы мүмкіндігі үшін маңызды кезең болмақ.