"Ақтөбенің" матчында жарақат алған жанкүйер клубпен соттаспақ

Спорт шолушысы

"Ақтөбе" мен "Алтай" арасындағы ҚПЛ матчында жанкүйердің доп бетіне тиіп, миы шайқалған. 

"Ақтөбенің" матчында жарақат алған жанкүйер клубпен соттаспақ
azh.kz

Қазақстан Премьер-лигасында аясында "Ақтөбе" мен "Алтай" арасындағы матч кезінде жарақат алған Ақтөбе тұрғыны Аянай Елтоқова енді клубтан өтемақы талап етіп отыр. Себебі бетіне доп тиіп, ауыр жарақат алған. Бұл туралы “Астана” телеарнасы хабарлады. 

Дәрігерлер ми шайқалуын анықтаған

Аянай Елтоқованың айтуынша, медициналық тексерістен кейін дәрігерлер оған жабық бас-ми жарақаты диагнозын қойған. Сонымен қатар бетіне тігіс салынып, ми шайқалғаны расталған.

Зардап шеккен жанкүйер бұл оқиғадан кейін денсаулығына ғана емес, психологиялық жағдайына да зиян келгенін айтып отыр.

Аянайдың сөзінше, "Ақтөбе" футбол клубының өкілдері болған жағдайға бірден емес, оқиға әлеуметтік желіде тарағаннан кейін ғана назар аударған.

Клубтың медиа-офицері Әсет Жомарт мұндай жағдай "Ақтөбе" тарихында алғаш рет тіркелгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, халықаралық стандарт бойынша қорғаныс торлары тек қақпаның артында орнатылады, ал трибуналардың барлық бөлігіне мұндай қауіпсіздік жүйесі қарастырылмаған.

"Ақтөбе" жанкүйерге сыйлық ұсынған

Оқиғадан кейін клуб Аянай Елтоқова мен оның жұбайына кешірім ретінде бір жылдық абонемент және фирмалық жейделер ұсынған.

Алайда зардап шеккен жанкүйер бұл ұсынысты жеткіліксіз деп санайды. Ол алған жарақаты мен моральдық зияны үшін нақты өтемақы талап етпек.

Аянай Елтоқова "Ақтөбе" клубымен соттасуға дайын екенін айтты. Ол материалдық және моральдық шығынды өтеуді, сондай-ақ стадиондағы қауіпсіздік регламенттерін қайта қарауды талап етпек.