Нани "Ақтөбедегі" жағдайды реттеуге көмектесті

Бас редактор

"Ақтөбе" ФК Қазақстан кубогы аясында "Алтайға" қарсы матч кезінде жарақат алған жанкүйер Аянай Елтоқовамен келісімге келді.

Нани "Ақтөбедегі" жағдайды реттеуге көмектесті
instagram/@fcaktobe_official

Жанкүйер матч кезінде жарақат алған

Оқиға Қазақстан кубогының ширек финалында, “Ақтөбе” мен “Алтай” арасындағы кездесуде болған. Клубтың мәліметінше, Аянай Елтоқоваға қонақ команданың ойыншысынан серпілген доп тиіп, жарақат алған.

Орталық стадионда жанкүйерге алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Кейін жедел жәрдем көлігімен жақын маңдағы ауруханаға жеткізіліп, қажетті ем-дом шараларынан өткен.

Оқиғадан кейін “Ақтөбе” футбол клубы зардап шеккен жанкүйермен байланысқа шығып, мәселені реттеу бойынша нақты қадамдар жасаған.

Клуб кеңсесіне Аянай жұбайымен бірге барды. Сол жерде “Ақтөбенің” жұлдызды ойыншысы Луиш Нанимен кездескен.

Нани естелік жейде сыйлады

Кездесу барысында Луиш Нани жанкүйерге қолтаңбасы қойылған естелік футболка табыс етті. Сонымен қатар клуб тарапынан Аянай Елтоқова мен оның жұбайына қауіпсіз секторға арналған екі маусымдық абонемент берілді.

Клубтың хабарлауынша, тараптар жылы әңгімелесіп, өзара түсіністікке келген.

“Ақтөбе” футбол клубы үй матчтарын ұйымдастырушы ретінде стадионда жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады және бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтуді көздейді”, — делінген клуб хабарламасында.

Жанкүйер әлеуметтік желіде үндеу жасаған еді

Бұған дейін Аянай Елтоқова әлеуметтік желіде жазба жариялап, ойын кезінде бетіне доп тигенін айтқан. Ол сондай-ақ стадионда қорғаныш торының болмауына назар аударған. Оқиғадан кейін оған жабық бассүйек-ми жарақаты және ми шайқалу диагнозы қойылғаны хабарланды.