"Манчестер Сити" Гвардиоланы қалдыру үшін шұғыл келіссөз жүргізіп жатыр
"Манчестер Сити" бас бапкер Хосеп Гвардиоланы командада тағы бір маусымға қалдыруға тырысып жатыр.
Гвардиоламен келіссөз басталды
Ағылшын футболындағы ең табысты клубтардың бірі саналатын "Манчестер Сити" бас бапкері Хосеп Гвардиоланың болашағына қатысты маңызды шешім алдында тұр.
Indykaila News дерегіне сүйенсек, "қалалықтар" басшылығы испаниялық маманмен шұғыл келіссөз өткізген. Бұған Гвардиоланың өткен аптада маусым аяқталған соң қызметінен кетуге ниетті екенін хабарлауы себеп болған.
Ресми мәлімдеме жақын уақытта жарияланады
Қазір клуб Пепты кем дегенде тағы бір маусымға қалдыруға күш салып жатыр. Ал Гвардиоланың болашағына қатысты ресми мәлімдеме алдағы 48 сағат ішінде жариялануы ықтимал.
Бұл ақпарат расталса, "Сити" үшін жаңа дәуір басталуы мүмкін.
Соңғы матчы "Астон Виллаға" қарсы болуы ықтимал
БАҚ-та тараған мәлімет бойынша, Гвардиоланың "Манчестер Сити" тізгініндегі соңғы ойыны 24 мамыр күні өтуі мүмкін.
Бұл күні "қалалықтар" Англия премьер-лигасының 38-турында "Астон Вилланы" қабылдайды. Аталған кездесу испаниялық маман үшін клубтағы қоштасу матчы болуы ғажап емес.
Чемпиондық шеру қоштасу рәсіміне айнала ма?
25 мамырда Манчестер қаласында команданың Англия кубогы мен Лига кубогындағы жеңістеріне арналған чемпиондық шеру жоспарланған.
Британиялық БАҚ бұл шараны Гвардиоламен қоштасу рәсіміне айналуы мүмкін деп бағалап отыр.
Тағы бір қызықты дерек — "Манчестер Сити" демеушілеріне бапкердің ықтимал кетуі туралы алдын ала ескерте бастаған.
Сонымен қатар, клуб "Этихад" стадионындағы бір трибунаны Хосеп Гвардиоланың құрметіне атауды жоспарлап отырғаны айтылуда. Бұл — испаниялық маманның клуб тарихындағы орнын айқындайтын ерекше қадам болмақ.
Гвардиоланың орнына кім келуі мүмкін?
Қазір Пептың ықтимал мұрагері ретінде Энцо Маресканың есімі жиі аталып жүр.
Италиялық маман бұған дейін Гвардиоланың бапкерлер штабында еңбек еткен. Кейбір мәліметтерге қарағанда Мареска мен "Манчестер Сити" арасында ауызша келісім жасалып қойған.
Хосеп Гвардиола "Манчестер Ситиді" 2016 жылдан бері жаттықтырып келеді. Осы уақыт ішінде ол клубты Еуропа мен Англиядағы басты күштердің біріне айналдырды.
Испаниялық бапкер "қалалықтармен" бірге 20 трофей жеңіп алып, клуб тарихындағы ең табысты мамандардың бірі атанды.