ҚФФ "Қайрат" футболшысын алдағы матчтардан шеттетті

Спорт шолушысы

Қазақстан футбол федерациясы жанындағы Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті Премьер-лиганың 22-турында "Ұлытау" мен "Қайрат" арасындағы матчтан кейін маңызды шешім шығарды.

ҚФФ "Қайрат" футболшысын алдағы матчтардан шеттетті
instagram/sadybekov_26

Сәдібековтың жазасы

Комитет шешімі бойынша, алматылық клубтың жартылай қорғаушысы Әділет Сәдібеков өрескел ойын көрсеткені үшін жазаланып, екі ойынға шеттетілді. Дисквалификация мерзімі 11 мамырдан бастап есептеледі. Аталған матчта Сәдібеков бірінші таймның қосымша уақытында қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған. 

Еске салсақ, алдағы уақытта алматылық клуб Премьер-лига аясында “Қайсар” (23 мамыр) және “Ордабасымен” (28 мамыр) кездеседі.

“Ұлытауға” айыппұл салынды

Сонымен қатар комитет матчты ұйымдастыру барысында жіберілген қауіпсіздік талаптарының бұзылуын да қарастырды.

“Ұлытау” клубына стадиондағы қауіпсіздік ережелерін толық сақтамағаны үшін 60 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Атап айтқанда, матч кезінде құқық қорғау қызметкерлерінің жеткіліксіз болуы, жанкүйердің алаңға жүгіріп шығуы және стадионда турникеттердің болмауы тәртіп бұзушылық ретінде тіркелген. ҚФФ мәліметінше, айыппұл 2026 жылдың 12 маусымына дейін төленуі тиіс.