Астанада УЕФА талаптарына сай жаңа стадионның құрылысы аяқталды
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысы толық аяқталды. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Стадион тарихы 1936 жылдан бастау алады. Жаңа жоба аясында ескі нысан толығымен жаңартылып, заманауи спорт кешеніне айналған.
Спорт нысанының жалпы аумағы 18 951 шаршы метр. Арена 3600 көрерменге есептелген. Стадион УЕФА мен Қазақстан футбол федерациясының стандарттарына сай жасанды жабынмен және заманауи спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Нысанда көрермендерге арналған трибуналар, конференц-зал, медициналық кабинеттер, техникалық аймақтар және VIP-ложалар қарастырылған.
Қазір нысанды ресми пайдалануға беру жұмыстары жүріп жатыр. Ресми ашылуы 4 маусымға жоспарланған.
“Жеңіс” ФК үшін бұл стадион тарихи арена саналады. Ескі ғимараттың апатты жағдайда болуына байланысты нысан 2025 жылдың басында толық бұзылған. Сол себепті “Жеңіс” өз матчтарын уақытша басқа ареналарда өткізді.
Қазір астаналық клуб ҚПЛ кестесінде 13 ұпаймен 10-орында тұр. Алда команда Премьер-лиганың 12-туры аясында ақтаулық “Каспийді” қабылдайды.