"Реал" ойыншылары Испания құрамасымен әлем чемпионатына бармайды

Спорт шолушысы

Футболдан Испания құрамасының әлем чемпионатына арналған тізімінде "Реал Мадрид" клубының бірде-бір ойыншысы жоқ.

"Реал" ойыншылары Испания құрамасымен әлем чемпионатына бармайды
Getty Images

Құрама тізіміне 13 түрлі клубтың 26 ойыншысы еніп, “Барселонаның” 8 футболшысы шақырылған. Сонымен бірге тізімде Англия, Германия және Франция чемпионаттарында өнер көрсететін ойыншылар да бар. 

Испания құрамасы әлем чемпионатында Кабо-Верде (15 маусым), Сауд Арабиясы (21 маусым) және Уругваймен (27 маусым) кездеседі. Турнир алдында испаниялықтар Ирак (4 маусым) және Перу (9 маусым) құрамаларымен екі жолдастық ойын өткізеді. 

Құрама бапкерінің ұстанымы

Луис де ла Фуэнте ойыншыларды таңдауда қандай клубтың футболшысы екеніне мән бермейтінін айтты.

“Мен ойыншының қай клубта ойнайтынына қарамаймын. Маған оның құрамаға көмектесе алуы маңызды”, — деді бапкер.

Испания соңғы рет 2021 жылғы Еуропа чемпионатында “Реал Мадрид” ойыншыларынсыз өнер көрсеткен. Бірақ мадридтік клуб өкілдері бұған дейін әлем чемпионаттарында үнемі ұлттық құрама сапында ойнап келген.