"Тобыл" Ислам Чесноковты "Хартстан" қайтаруды көздеп отыр

Жекпе-жек шолушысы

Қостанайлық клуб ойыншыны жалға алу бойынша сұрау жолдаған.

"Тобыл" Ислам Чесноковты "Хартстан" қайтаруды көздеп отыр
instagram/@heartinsider

Ислам Чесноков қайта қатарға қосыла ма? 

Қостанайдың "Тобыл" клубы Шотландия чемпионатында өнер көрсететін "Харт оф Мидлотиан" командасының қазақстандық вингері Ислам Чесноковты жалға алу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Шетелдік дереккөздердің мәліметінше, қостанайлық ұжым футболшыны уақытша қайтару жөнінде шотландиялық клубқа ресми сауал жолдаған.

Ислам Чесноков "Хартс" сапына қаңтар айында қосылған. Бұған дейін ол шотландиялық клубпен алдын ала келісімшартқа отырған. Қазақстандық ойыншы Эдинбургке аттанғаннан кейін жарты жылға жуық уақыт ішінде жаңа ортаға бейімделіп үлгерді.

Осы уақыт аралығында Чесноков "Хартс" құрамында 11 матчқа қатысып, 1 гол соқты. Бірақ оның еншісінде әзірге нәтижелі пас тіркелмеген.

Футболшы Шотландия кубогындағы "Фалкиркке" қарсы кездесуде дебют жасады. Кейін Эдинбург дербиінде де алаңға шығып, "Харт оф Мидлотиан" жейдесіндегі маңызды матчтардың бірінде тәжірибе жинады.

"Тобылдың" қызығушылығы неден туындады?

Қазір "Тобыл" Қазақстан Премьер-лигасында қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Қостанайлық команда 11 турдан кейін 8 ұпай жинап, турнир кестесінің соңғы сатысында тұр.

Осыған байланысты клуб құрамды күшейту жолдарын қарастыруда. Команданың бұрынғы көшбасшыларының бірі болған Ислам Чесноковтың қайта оралуы шабуыл шебіндегі бәсекені арттырып, "Тобылдың" нәтижесін жақсартуға ықпал етуі мүмкін.

Шотландиядағы маусым аяқталды

Айта кетейік, Шотландия чемпионаты өткен аптада мәресіне жетті. Ислам Чесноков "Хартс" сапында ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.

Алдағы апталарда футболшыны Қазақстан ұлттық құрамасының ойындары күтіп тұр. Егер тараптар келісімге келсе, оның "Тобылға" жалға ауысу мәселесі жақын уақытта шешілуі ықтимал.

Қазақстан Премьер-лигасының 12-турында Мирослав Ромащенко шәкірттері сырт алаңда "Атырауға" қарсы ойнайды.