"Челсиде" үлкен тазалау басталды: Сәтпаевқа орын босатып жатыр ма?
Лондондық клуб жазда негізгі құрамдағы бірнеше футболшымен қош айтысуға дайындалып жатыр.
Бірнеше ойыншы сатылымға қойылады
Шетелдік дереккөздердің мәліметінше, "Челси" еурокубок жолдамасынан тыс қалғаннан кейін құрамды қайта жасақтауға кіріспек. Клуб басшылығы жазғы трансферлік терезеде бірқатар футболшыны сатуды қарастыруда.
Командадан кетуі мүмкін ойыншылар төмендегідей:
- Ромео Лавиа;
- Уэсли Фофана;
- Андрей Сантос;
- Педру Нету;
- Мало Гюсто.
Дастан Сәтпаев "Челсиге" қашан қосылады?
Құрамдағы ықтимал өзгерістер аясында лондондық клуб қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың келуіне де дайындықты жалғастырып жатыр.
Алматылық "Қайраттың" жас форварды "Челсиге" ресми түрде 2026 жылдың 12 тамызында, яғни 18 жасқа толған күні қосылады. Қазақстандық футболшының ағылшындық клубқа ауысуы туралы келісім 2025 жылдың ақпан айында жасалған.
Сәтпаев трансфері — Қазақстан футболындағы рекорд
Дастан Сәтпаевтың трансфер құны 4–4,3 миллион еуро аралығында бағаланған. Бұл көрсеткіш оны Қазақстан футболы тарихындағы ең қымбат трансферлердің біріне айналдырды.
Сәтпаев пен "Челси" арасындағы келісімшарт 5 жылға есептелген. Сонымен қатар тараптар келісімді тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігін де қарастырған.