17 млрд теңгеге соғылып жатқан стадион сынға ұшырады
Жуырда Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион пайдалануға берілуі тиіс.
Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Алайда жаңа нысан туралы жаңалық әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің сынына ұшырады. Бұл туралы sports.kz хабарлады.
Ашық дереккөздердегі ақпарат бойынша, УЕФА-ның төртінші санатына сай деп көрсетілген стадионның құны 17,3 миллиард теңге. Қазіргі бағаммен бұл шамамен 36,5 миллион долларға тең. Ал нысанның сыйымдылығы — небәрі 3600 көрермен.
Желі қолданушыларының наразылығы
Әлеуметтік желіде көпшілік жаңа стадионның құны мен сыйымдылығын салыстырып, күмәнін білдірді. Республикалық порталдағы пікірлердің басым бөлігі сын сипатында болды.
Кей қолданушылар бұл нысанды стадион емес, манеж деп атады.
"Бұл манеж, стадион емес. Затты өз атымен атау керек."
"Олар енді тіпті ұялмайтын болды", — деп наразылық білдірген.
Желіде бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты да ауыр сын айтылды.
"Ұрлық, откат ашық жүріп жатыр. Бұл қашан бітеді? Ештеңеден де, ешкімнен де қорықпайды", — деген пікірлер де жазылды.
Дегенмен пікірлер арасында стадион құнын түсіндіруге тырысқандар да бар. Кейбір қолданушылар жабық спорт нысандары ашық ареналарға қарағанда қымбатқа түсетінін алға тартты.
"Жабық стадион әдетте қымбатырақ болады. Шатырға арналған қосымша металл құрылымдар, жабынның өзі, жылыту, желдету және кондиционер жүйелері бар. Оның үстіне құрылыс тығыз жағдайда жүргізілсе, баға өседі. Егер ішінде қосымша залдар мен технологиялық жабдықтар болса, мұндай баға түсінікті болуы мүмкін", — деп жазды желі қолданушысы.
Соған қарамастан көпшілік үшін басты сұрақ — 3600 орындық нысанға 17,3 миллиард теңге жұмсау қаншалықты орынды деген мәселе болып отыр.
Басқа стадиондармен салыстырды
Желіде Астанадағы жаңа нысанның құны басқа ареналармен де салыстырылды.
Мысалы, 2019 жылы Қостанайда 3000 көрерменге арналған "Тобыл Арена" ашылған. Оның құрылысына 9,5 миллион доллар жұмсалғаны айтылды.
Ал Қырғызстанда салынып жатқан Орталық Азиядағы ең ірі стадиондардың бірі — 51 мың орындық "Бішкек-Арена" шамамен 60 миллион долларға бағаланып отыр.
Осы салыстырулардан кейін қазақстандықтар Астанадағы 3600 орындық нысанның 36,5 миллион долларға салынуын түсіну қиын екенін жазып жатыр.