$1,54 млн дауы. Сот "Тобылға" қатысты қандай үкім шығарды?

Бас редактор

Құзырлы орган клубты бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсады деп айыптаған.

$1,54 млн дауы. Сот "Тобылға" қатысты қандай үкім шығарды?
Offside.kz

Қостанай облысында "Тобыл" футбол клубына қатысты ірі қаржылық дауға нүкте қойылды. Прокуратура клубтан 728,3 миллион теңге, яғни шамамен 1,54 миллион доллар өндіруді талап еткен. Алайда сот бұл талапты қанағаттандырмады. Бұл туралы "Дядя Ваня" арнасы хабарлады.

Прокуратураның талабы неден туындады?

Қостанай облысының прокуратурасы "Тобыл" футбол клубын бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсады деп айыптаған. Әңгіме 2021-2024 жылдар аралығында футбол орталығын дамытуға бөлінген қаржы туралы болып отыр.

Осы төрт жыл ішінде облыстық спорт басқармасы "Тобылдың" футбол орталығының жұмысына жыл сайын 447 миллион теңгеден бөліп отырған. Жалпы сома 1,78 миллиард теңгеге жеткен.

Бұл қаражат балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, тәрбиеленушілердің жарыстарға қатысуына және спорттық резерв дайындауға бағытталуы тиіс болған.

Сонымен қатар "Тобыл" негізгі және қосалқы командаларды қаржыландыру үшін бөлек келісімшарттар бойынша да қаражат алған. Төрт жылдағы қосымша келісімшарттардың жалпы сомасы шамамен 6 миллиард теңгені құраған.

Прокуратура мен ішкі мемлекеттік аудит департаменті құжаттарды тексергеннен кейін балалар футболына арналған қаражаттың бір бөлігі кәсіби команданың қажеттілігіне жұмсалуы мүмкін деген күдік білдірген.

Олардың дерегінше, 728 миллион теңге, яғни бөлінген қаражаттың 40,8 пайызы негізгі құрам ойыншыларының жалақысына, салықтарға, іссапарларға және легионерлерге төленген қаржылық міндеттемелерге кеткен болуы мүмкін.

Легионерлерге төлем жасалды деген күдік айтылды

Прокуратура өкілдері кейбір шетелдік футболшыға төлемдер "балалар футболына" арналған қаржы есебінен жасалған болуы мүмкін деп есептеген.

Атап айтқанда, грузиялық жартылай қорғаушы Цорне Мосиашвилиге 8 миллион теңге, нигериялық Эдедем Эссьен мен украиналық Евгений Шаховқа 2 миллион теңгеден төленгені айтылған.

"Тобыл" айыптауды мойындамады

Футбол клубы прокуратураның талабымен келіспеген. "Тобыл" өкілдері барлық келісімшарт толық орындалғанын, атқарылған жұмыстар актілері ескертусіз қабылданғанын және шығындар техникалық ерекшеліктерге сәйкес болғанын мәлімдеді.

Клуб заңгерлерінің айтуынша, прокуратура нақты төлемдердің дәл балалар футболына арналған келісімшарттардан жасалғанын дәлелдей алмаған.

Тағы бір маңызды жайт — барлық 10 мемлекеттік келісімшарт бойынша қаражат бір банк шотына түскен. Ал төлем құжаттарында қай шығынның нақты қай келісімшартқа қатысты екені көрсетілмеген.

Сотқа шақырылған аудитор-маман да нақты төлемдерді белгілі бір келісімшартқа байланыстырып анықтау мүмкін емес екенін айтқан.