"Ақтөбе" соңғы минутта жеңістен айырылды (ВИДЕО)
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 12-турында Көкшетаудың "Оқжетпесі" "Ақтөбені" қабылдады.
Алаң қожайындары кездесудің алғашқы бөлігінде есеп ашты. "Оқжетпес" сапынан Бектемір Әбдуманнонов мергендігімен көзге түсті. Бірақ көкшетаулықтардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Арада небәрі үш минут өткенде "Ақтөбенің" жас шабуылшысы Виталий Латурнус таразы басын теңестірді.
Үзілістен кейін "Ақтөбе" шабуылдағы белсенділігін арттырып, тағы бір нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Латурнус дубль авторы атанды.
17 жастағы футболшының екінші голы қонақтарға жеңіс сыйлайтындай көрінген. Дегенмен матчтың соңғы бөлігінде "Оқжетпес" қысымды күшейтіп, есепті теңестіріп кетті. Борис Лотоцький командасын жеңілістен құтқарды.
Осы нәтижеден кейін "Оқжетпес" ұпай санын 23-ке жеткізіп, Қазақстан Премьер-лигасында үшінші орнын сақтап қалды.Ал "Ақтөбе" 16 ұпаймен жетінші сатыда қалды.