ӘЧ-2026 билеттеріне қатысты дау: ФИФА өкілдері прокуратураның назарына ілікті

Бокс шолушысы

Даудың басты себебі — билет бағасының тым жоғары болуы және динамикалық баға жүйесінің қолданылуы.

ӘЧ-2026 билеттеріне қатысты дау: ФИФА өкілдері прокуратураның назарына ілікті
inform.kz

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының билеттерін сату мәселесі АҚШ-та құқық қорғау органдарының назарын аударды. Нью-Йорк және Нью-Джерси штаттарының бас прокурорлары ФИФА өкілдерінен тиісті жауап алмақ. 

ESPN мәліметінше, тексеріс мундиаль билеттерінің бағасы мен сату тәртібіне байланысты жүргізіліп жатыр.

Мәселенің мән-жайы

Прокуратура өкілдері ФИФА-дан әлем чемпионатының сегіз матчына қатысты ішкі құжаттарды сұратқан. Мәселе Нью-Джерси штатының Ист-Ратерфорд қаласындағы MetLife аренасында өтетін ойындарға қатысты. Бұл стадионда 19 шілдеге жоспарланған финалдық кездесу де өтеді.

Билет бағасы дау тудырды

Нью-Йорк және Нью-Джерси бас прокурорларының бірлескен мәлімдемесінде ФИФА белгілеген билет бағалары бұрынғы әлем чемпионаттарындағы бағадан едәуір жоғары екені айтылған.

2026 жылғы мундиаль ФИФА тарихында динамикалық баға жүйесі қолданылған алғашқы әлем чемпионаты болмақ. Бұл жүйеде билет құны сұранысқа қарай өзгеріп отырады.

Дәл осы тәсіл жанкүйерлер арасында наразылық тудырды. Көпшілік билеттердің тым қымбат екенін айтады. Бұл мәселе шетелдік басылымдарда да кеңінен талқыға түсті. 

ӘЧ-2026 үш елде өтеді

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Турнирді АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп қабылдайды. Додаға 48 ұлттық құрама қатысады.