Меморандум бар, сатып алушы жоқ: "Ордабасы" төңірегіндегі сауда дауы

Бокс шолушысы

Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубын жекешелендіру бойынша электронды сауда өтпей қалды.

Меморандум бар, сатып алушы жоқ: "Ордабасы" төңірегіндегі сауда дауы
instagram/@fc__ordabasy

"Ордабасы" аукционда сатылмай қалды

Шымкенттік футбол клубы әзірге жаңа иесін тапқан жоқ. Клубты сату бойынша электронды сауда 2026 жылдың 28 мамырына жоспарланды. Бірақ аукцион өткізілмеді. Электронды сауда алаңындағы мәліметке сәйкес, белгіленген уақытта қатысушылар тарапынан қабылданған өтінім болмаған.

"Сауда басталған сәтте реестрдің веб-порталы арқылы қатысушылардан қабылданған өтінімдер жоқ", — делінген электронды сауда карточкасында.

"Ордабасы" ФК 224 160 507 теңгеге бағаланған. Дәл осы сома активтің бастапқы құны ретінде көрсетілді.

Бұған дейін клубты сатып алуы мүмкін тұлға ретінде кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің есімі аталған.

Меморандум ақпанда жасалған

2026 жылдың ақпан айының басында БАҚ-та "Ордабасы" клубының меншік иесі ауысуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған. Кейін кәсіпкердің ресми өкілі Дархан Қызайбаев Шымкент әкімімен кездесіп, команданы толық басқаруға алу мәселесін талқылаған.

Ал 2026 жылдың 16 ақпанында Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков пен кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп «Ордабасы» футбол клубын жекешелендіру және дамыту жөніндегі меморандумға қол қойған.

Бұл қадам Қазақстан Президентінің кәсіби спортты коммерцияландыру және мемлекеттік қаржыландыруды қысқарту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан шаралардың бірі ретінде түсіндірілген.