"Ақтөбе" жанкүйері клубтың трансферлік саясатын сынға алды

Спорт шолушысы

"Жайдарман" жобасының вице-президенті, "Ақтөбе" клубының жанкүйері Рамазан Фаилов командадағы ойын деңгейіне көңілі толмайтынын айтып, трансферлерге қатысты пікір білдірді.

"Ақтөбе" жанкүйері клубтың трансферлік саясатын сынға алды
"Ақтөбе" ФК

Фаиловтың айтуынша, маусым басталғалы бері команда ойыны тұрақсыз болып, клубтағы бірқатар мәселелер әлі де шешімін таппаған. Ол бапкерлер штабына қатысты жағдайдың түсініксіз екенін және маусым алдындағы селекциялық жұмыстың әлсіз жүргізілгенін атап өтті. Айтуынша, қазіргі легионерлер мен жергілікті ойыншылардың деңгейі жанкүйерлер күткен талапқа сай келмейді.

“Чемпион боламыз деген мақсат болды. Бірақ қазір енді чемпиондық емес сегіздікте бармыз ба, жоқпыз ба түсініксіз жағдай болып тұр.”

Наниден күткен нәтиже әзірге жоқ

“Ақтөбенің” ең резонансты трансферлерінің бірі болған португалиялық Луиш Нани де жанкүйер сынынан тыс қалмады. Жанкүйердің сөзінше, Нани маркетинг тұрғысынан клубқа пайда әкелуі мүмкін, алайда әзірге оның алаңдағы тиімділігі көңіл көншітпейді.

“Жас өзінікін алады. Нани кәсіби футболшы, дайындық жұмыстарын да жеке бапкермен жүргізіп жатыр. Бірақ керек нәрсені беріп жатқан жоқ. Оның орнына жақсы, жас ойыншыларды алуға, бірнеше жылға келісімшартқа отыруға болатын еді”

Еске салсақ, 39 жастағы португалиялық футболшы кәсіби мансабын қайта жалғастыру туралы шешім қабылдап, “Ақтөбе” сапына жыл басында қосылған болатын.