ӘЧ-2026: Африканың үздік төрешісін АҚШ аумағына кіргізбей қойды

Бас редактор

Ол Әлем чемпионаты матчтарына төрелік етуі тиіс болған. 

ӘЧ-2026: Африканың үздік төрешісін АҚШ аумағына кіргізбей қойды
bbc.com

АҚШ-тың Шекара және кеден қызметі тарихта тұңғыш рет Әлем біріншілігінде төрелік етуі тиіс болған сомалилік маман Омар Артанды ел аумағына кіргізуден бас тартты. Осы шешімнің кесірінен Африка құрлығының үздік төрешісі жаһандық додадан шеттетілді.

ФИФА дәрменсіз

Халықаралық БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, Омар Артан сенбі күні, 6 маусымда Ыстамбұлдан Майами халықаралық әуежайына ұшып келген. Шекара қызметінің ресми өкілдері құжаттарды тексеру барысында төрешіні қосымша бақылаудан өткізуді жөн көрген.

"Тексеріс қорытындысы бойынша, саяхатшының (ФИФА ұйымдастырған Әлем чемпионаты төрешісінің) сенімділігіне қатысты күдік туындауына байланысты, оның елге кіру құқығы жоқ деп танылды және визасынан бас тартылды", – деп мәлімдеді АҚШ шекарашылары.

Дүйсенбі күні Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) бұл ақпаратты ресми түрде растап, Артанның ӘЧ-2026 матчтарына қатыса алмайтынын хабарлады. 

"ФИФА көші-қон мәселелерімен айналыспайды. Кез келген турнирде кімге виза беріп, кімді елге кіргізу керектігін қабылдаушы мемлекеттің үкіметі өзі шешеді", – деп мәлімдеді ФИФА өкілдері.

Айта кетейік, Омар Артан 2018 жылдан бері ФИФА деңгейіндегі ойындарды басқарып келеді, ал 2025 жылы Африка футбол конфедерациясының нұсқасы бойынша "Жыл төрешісі" деп танылған еді.