ҚПЛ клубтары жаңа трансферлік ережелерге көшеді

Спорт шолушысы

Халықаралық футбол федерациясы футболшылардың мәртебесі мен трансферіне қатысты регламентке бірқатар маңызды өзгеріс енгізді. Жаңа талаптар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

ҚПЛ клубтары жаңа трансферлік ережелерге көшеді
ФИФА

Мехикодағы ФИФА отырысында қабылданған түзетулерге сәйкес, енді футболшы мен клуб арасындағы әрбір келісімшартта ойыншыны сатып алу үшін төленетін нақты өтемақы сомасы көрсетілуі тиіс. Мұндай тәжірибе бұрын Испанияда қолданылса, енді бұл талап әлемнің барлық елдеріндегі кәсіби футбол клубтарына ортақ ереже болады. 

Трансферден қосымша табыс 

Жаңа ережелердің тағы бір маңызды тармағы футболшылардың трансферлік төлемнен үлес алуына қатысты. Жылдық жалақысы 150 мың еуродан төмен ойыншылар халықаралық трансфер кезінде төленетін белгіленген соманың 5 пайызына дейін алуға құқылы болады. Футболшы бұл құқықтан ішінара бас тарта алғанымен, төленетін үлес соңғы жылғы жалақы мөлшерінен немесе трансфер құнының 2,5 пайызынан төмен болмауы қажет.

Бұл өзгерістер Қазақстан Премьер-лигасы клубтарының ойыншыларына да қатысты болады. Жаңа жүйе футболшылардың шетелдік чемпионаттарға ауысуын жеңілдетуі мүмкін. Егер келісімшартта көрсетілген өтемақы сомасы төленсе, сатып алушы клубқа ұзақ келіссөздер жүргізудің қажеті болмайды. 

Жас футболшыларға арналған жаңа талаптар

ФИФА кәмелетке толмаған ойыншыларға қатысты ережелерді де жаңартты. Енді 18 жасқа дейінгі футболшылармен белгілі бір шарттар сақталған жағдайда бес жылға дейін кәсіби келісімшарт жасауға мүмкіндік беріледі. Бұған дейін мұндай келісімдердің ең ұзақ мерзімі үш жыл болған.