"Ертіс" ресми түрде өз стадионына қайта оралады
Павлодарлық "Ертіс" Қазақстан Премьер-лигасындағы 15-турда "Қайсарға" қарсы кездесуді Орталық стадионда ойнайды.
“Ертіс” Павлодардағы стадионына оралады
Павлодардың “Ертіс” клубы ұзақ үзілістен кейін туған қаласындағы стадионға қайта оралады. Қазақстан Премьер-лигасының 15-туры аясындағы “Қайсарға” қарсы матч 28 маусымда Павлодардағы Орталық стадионда өтеді.
“Ертіс” 2 мамырдан бастап номиналды түрде үй матчтарын “Астана Аренада” өткізді. Бұған Павлодардағы Орталық стадионда жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себеп болды.
Атап айтқанда, аренада жасанды көгал толық ауыстырылды. Бұрынғы жабын Қазақстан Премьер-лигасының талаптарына сәйкес келмей, жаңартуды қажет еткен. Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясы мен клуб басшылығы “Ертістің” уақытша елордада ойнауына келісім берген.
“Астана Аренадағы” матчтар
Павлодарлық команда шамамен екі айға жуық уақыт бойы елдің басты аренасында өнер көрсетті. Атап айтқанда, павлодарлықтар “Астана Аренада”:
- 2 мамырда “Қайратқа”;
- 16 мамырда “Елімайға”;
- 27 мамырда “Ұлытауға” қарсы ойнады.
Енді команда жанкүйерлері “Ертісті” қайтадан Павлодардағы өз стадионында қолдай алады.
Қазақстан Премьер-лигасының 14-туры қорытындысы бойынша “Ертістің” еншісінде 10 ұпай бар. Павлодарлық клуб қазір турнир кестесінде 14-орында тұр. Соңғы бес кездесуде команда бір рет жеңіліп, төрт ойында тең нәтиже тіркеді.