ҚФФ екі бапкерді 1,5 жылға футболдан шеттетті

Бокс шолушысы

Сонымен қатар бір клубтың менеджері де жазаланды. 

ҚФФ екі бапкерді 1,5 жылға футболдан шеттетті
kff.kz

Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті "Хан Тәңірі" футбол клубына қатысты тәртіптік шешім қабылдады. Клуб өкілдерінің UEFA-ның "C" санатындағы бапкерлік лицензияларын растау кезінде жалған құжаттарды пайдаланғаны анықталған.

ҚФФ Бақылау, тәртіптік және этикалық комитетінің отырысы 2026 жылғы 25 маусымда өтті. Жиында ҚФФ қауіпсіздік және интегрити қызметінің жетекшісі А.Е. Бутиннің өтініші қаралды.

Өтініш "Хан Тәңірі" ФК өкілдерінің UEFA-ның "C" санатындағы бапкерлік лицензиялары бар екенін растау барысында жалған құжаттарды пайдалану дерегі бойынша жүргізілген қызметтік тексеріске қатысты болды.

Екі бапкер 18 айға футболдан шеттетілді

ҚФФ шешіміне сәйкес, құжаттарды қолдан жасау және бұрмалау дерегі үшін "Хан Тәңірі" ФК жастар командасының бапкері Асылжан Ермекұлы Ермековке санкция қолданылды.

Оған 18 ай мерзімге футболға қатысты кез келген қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сонымен қатар Ермековке 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Айыппұл 2026 жылғы 25 шілдені қоса алғанға дейін төленуі тиіс.

Осындай санкция "Хан Тәңірі" ФК жастар командасының тағы бір бапкері Айбек Сәкенұлына да қолданылды. Ол да 18 айға футболға қатысты қызметтен шеттетіліп, 30 АЕК көлемінде айыппұл арқалады.

Айбек Сәкенұлы да айыппұлды 2026 жылғы 25 шілдеге дейін төлеуі керек.

Клуб менеджері де жазаланды

"Хан Тәңірі" ФК менеджері Айдын Омарбекұлы Масалимовке де тәртіптік санкция қолданылды.

ҚФФ мәліметінше, ол клуб атынан жалған құжаттарды пайдаланған. Сонымен қатар федерацияның ресми тұлғаларына қатысты балағат сөздер айтып, беделге нұқсан келтіретін сипаттағы қоқан-лоққы жасағаны үшін әдепке жат мінез-құлық танытты деп танылған.

Осыған байланысты Масалимовке 12 ай мерзімге футболға қатысты кез келген қызметпен айналысуға тыйым салынды. Бұған қоса, оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

"Хан Тәңірі" клубына айыппұл салынды

Тәртіптік регламенттің 57-бабының 4-тармағына және Тәртіптік регламентке №1 қосымшаға сәйкес, "Хан Тәңірі" ФК-ға 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды.