"Бұл – үлкен проблема": Скотт Манн Қазақстан құрамасына қауіп төндірген мәселені атады
"Бірінші бол" студиясына қонаққа келген федерация өкілі Қазақстан Премьер-лигасындағы трансляция сапасы, матчтар күнтізбесі, жас футболшылардың ойын тәжірибесі, клубтар мен федерация арасындағы байланыс және ұлттық құрамаға бас бапкер таңдау мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы қызметіне шамамен екі ай бұрын тағайындалған аустралиялық маман Скотт Манн отандық футболдағы негізгі проблемаларды атап, оларды шешуге бағытталған бірқатар реформаны ұсынды.
Жастарға мүмкіндік берілмесе, ұлттық құрама ұтылады
Федерация бас хатшысы Қазақстан футболындағы тағы бір маңызды проблема ретінде жас ойыншылардың клубтарда жеткілікті уақыт ала алмауын атады.
"Қайбір күні Джон ван’т Схиппен бірге матчқа бардым. Ол, әрине, ұлттық құрамаға үміткер ойыншыларды бақылап жүрді. Әсіресе үш жас футболшыға назар аударғысы келді. Бірақ үшеуі де қосалқы құрамда отырды.
Олардың бірінің ойын тарихын қарап шықты. Өткен маусымда ол әр ойында орта есеппен 83 минуттан ойнаған екен. Ал биыл деңгейі жоғары клубқа ауысып, бір матчқа орта есеппен небәрі 11 минуттан ойнап жүр. Бұл — біз үшін үлкен проблема", - деді Скотт Манн
Оның пікірінше, мұндай жағдай ұзақ мерзімде Қазақстан құрамасының деңгейіне тікелей әсер етеді. Скотт Манн Дастан Сәтпаевты мысалға келтіріп, футболшының сапасы жоғары болса, жасына қарамай негізгі құрамда ойнауы қажет екенін айтты.
"Қазір Қазақстанда біз шешуге тиіс екі негізгі мәселе бар деп ойлаймын. Біріншісі — егер жас футболшылар өз клубтарында жеткілікті ойын уақытын ала алмаса, олардың шетелге шығуына мүмкіндік беруіміз керек. Екіншісі — осында жүргенде олардың мүмкіндігін қалай барынша тиімді пайдалана аламыз деген сұрақтың жауабын табуымыз керек", – деді ҚФФ бас хатшысы.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.