Неге дәл Джон ван 'т Схип? Скотт Манн таңдаудың себебін түсіндірді
Бұл туралы ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн "Бірінші бол" youtube-арнасына берген сұхбат барысында айтты.
ҚФФ бас хатшысы ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін іздеу барысында қандай қиындықтарға тап болғанын да түсіндірді. Оның айтуынша, бастапқы тізімдегі жеті маманның барлығы дерлік еуропалық клубтармен келісімшарт жасап қойған.
"Біразымен сөйлестім, бірақ олар: "Маусымның басталуына екі апта қалғанда клубты тастап кете алмаймын" деді", – дейді Манн.
Жергілікті мамандарды тағайындауда да қиындық болған.
"Қазақстан чемпионатының аяқталуына 7-8 апта қалды. Біздің лигада құраманы басқара алатын дарынды жас бапкерлер бар. Бірақ олар қазіргі клубымен чемпиондыққа немесе Кубокқа таласып жатқанда, командасын тастап кете ала ма? Оған сенімді болмадым", – деді ол.
Неге Джон ван 'т Схип таңдалды?
Маннның айтуынша, Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне 6-7 нақты кандидат қарастырылған.
"Расымен бізде 6-7 нақты кандидат болды. Арасында Ағылшын Премьер-лигасында жұмыс істегендері де, Азияда бапкерлік еткендері де, тіпті Әлем чемпионатында ұлттық құрамаларды басқарғандары да бар", – деді ҚФФ бас хатшысы.
Джон ван 'т Схиптің басты артықшылықтарының бірі – "Аякстағы" тәжірибесі болған.
"Ол "Аяксты" қиын-қыстау кезеңде қолға алды. Ол сәтте клубтың ішкі құрылымында да ретсіздік орнап тұрған еді. Джон команданы еурокубоктарға шығарды. Бұл – үлкен плюс", – деді Манн.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.