Екі дүркін Қазақстан чемпионы ресми түрде ҚПЛ-ға оралды
Қарағандылық "Шахтер" Бірінші лиганың аяқталуына алты тур қалғанда Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алды.
"Шахтер" Семейде үш гол соқты
Қазақстан Бірінші лигасының 20-туры аясында "Елімай М" өз алаңында қарағандылық "Шахтерды" қабылдады.
Кездесудің алғашқы жарты сағаты тең дәрежеде өткенімен, үзіліске жақын қонақтар шабуылын күшейтті. 37-минутта Диас Қалыбаев өкшемен әдемі пас шығарып, Андрей Ульшин есеп ашты.
Бірінші таймның соңғы минутында Нұрхан Қағазбаев айып алаңының сыртынан допты қақпаға әуеден бағыттап, "кеншілердің" басымдығын арттырды.
Үзілістен кейін де қарағандылық команда ойын тізгінін уысынан шығармады. Артем Литош жылдам шабуыл кезінде қақпашы мен екі қорғаушының үстінен допты асыра теуіп, матчтың қорытынды есебін белгіледі.
ҚПЛ жолдамасын мерзімінен бұрын иеленді
Осы жеңістен кейін "Шахтер" 55 ұпай жинап, Бірінші лиганың турнирлік кестесіндегі көшбасшылығын сақтап қалды. Команда маусымды кемінде екінші орында аяқтайды.
Қарағандылықтар чемпионаттың аяқталуына алты матч қалғанда төртінші сатыдағы "Оңтүстік академиясын" 22 ұпайға артта қалдырды. Ал екінші орында тұрған "Қайрат-Жастар" фарм-клуб мәртебесіне байланысты Премьер-лигада ойнай алмайды. Сондықтан "Шахтер" Қазақстанның жоғары дивизионына қайтуды мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Қарағандының даңқты клубы Қазақстан чемпионатында екі рет топ жарған. 2011 және 2012 жылдары қатарынан ел чемпионы атанды.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.