ҚПЛ матчтары ақылы болуы мүмкін
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы қызметіне шамамен екі ай бұрын тағайындалған аустралиялық маман Скотт Манн отандық футболдағы негізгі проблемаларды атап, оларды шешуге бағытталған бірқатар реформаны ұсынды.
"Бірінші бол" студиясына қонаққа келген федерация өкілі Қазақстан Премьер-лигасындағы трансляция сапасы, матчтар күнтізбесі, жас футболшылардың ойын тәжірибесі, клубтар мен федерация арасындағы байланыс және ұлттық құрамаға бас бапкер таңдау мәселелеріне кеңінен тоқталды.
"Негізгі проблема – коммуникация"
Скотт Манн Қазақстанға келгеннен кейін байқаған алғашқы мәселелерінің бірі – клубтар, өңірлік федерациялар және Қазақстан футбол федерациясы арасындағы байланыстың әлсіздігі екенін айтты.
Оның сөзінше, кейбір клубтар өз пікірлері федерация тарапынан ескерілмейді деп санайды. Маннның пікірінше, тараптар барлық мәселе бойынша бірдей ойлауға міндетті емес, бірақ клуб басшылары өздерінің тыңдалатынын сезінуі керек.
Сондықтан ол қызметіне кіріскеннен кейін елдің бірнеше өңірін аралап, клуб басшыларымен жеке кездесулер өткізе бастаған.
ҚПЛ матчтары ақылы болуы мүмкін
Бас хатшы көтерген ең маңызды мәселелердің бірі – Қазақстан Премьер-лигасының трансляциясын коммерцияландыру.
Маннның айтуынша, федерацияның негізгі табыс көздері – телевизиялық құқық, демеушілік және билет сату. Алайда қазіргі таңда трансляциядан түсетін табыс іс жүзінде жоқ. Оның пікірінше, матчтарды толығымен тегін көрсету ұзақ мерзімде футбол өнімінің сапасын арттыруға мүмкіндік бермейді.
"Ұлттық құраманың матчтары бүкіл елге қолжетімді болуы керек. Ал апта сайынғы ішкі чемпионат ойындарына келгенде тегін көрсетілім мен ақылы жазылымды қатар қолдануымыз қажет. Сонда ғана табыс таба аламыз", – деді Манн.
Трансляция сапасы неге төмен?
Скотт Манн ҚПЛ матчтарының телевизиялық көрсетіліміндегі сапа айырмашылығына да назар аударды.
Қазір әр стадионда түсірілім деңгейі әртүрлі. Кейбір ойындар небәрі 7-9 камерамен түсіріледі. Манн сапалы өнім үшін кемінде тоғыз камера қажет деп есептейді.
Ол федерация барлық трансляцияны бір стандартқа түсіру үшін кәсіби медиа-компаниялармен жұмыс істеуі керек екенін атап өтті.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.