"Қайсар" бразилиялық вингерді қатарына қоспақ
19 жастағы футболшымен келісімшартқа екі жылға жоспарланған.
Қызылордалық "Қайсар" футбол клубы жақын уақытта бразилиялық жас вингер Густаво Загомен келісімшарт жасасуы мүмкін. Бұл туралы журналист Эльдар Аманбаев өзінің телеграм-арнасында хабарлады. Оның мәліметінше, 19 жастағы футболшы "Қайсар" сапына еркін агент ретінде қосылады.
Густаво Заго "Қайсарға" ауысады
Ақпаратқа сәйкес, Густаво Заго Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін "Қайсармен" екі жылдық келісімшартқа отырады.
Футболшы бұған дейін Бразилияның белгілі клубтарының бірі "Крузейроның" жастар командасында ойнаған.
"Қызылорданың "Қайсары" трансферлік нарықтағы жұмысын жалғастырып, кезекті жаңа ойыншыны рәсімдеуге жақын. Менің ақпаратым бойынша, "қасқырлар" құрамын жақын уақытта еркін агент ретінде 19 жастағы бразилиялық вингер Густаво Заго толықтырады. Тараптар екі жылдық келісімшартқа қол қояды", — деп жазды Аманбаев.
Бразилиялық футболшының статистикасы
Өткен маусымда Густаво Заго сегіз матчқа қатысқан. Осы кездесулерде ол бір гол соғып, бір нәтижелі пас берген.
Жас футболшы шабуыл шебінде, негізінен, қапталда ойнайды. Густаво Заго Бразилиядағы ең беделді жастар турнирлерінің бірі саналатын Copinha кубогының жеңімпазы атанған.
Айта кетейік, әзірге "Қайсар" клубы бұл трансфер туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен журналист Эльдар Аманбаевтың ақпаратына сәйкес, тараптар келісімге келуге жақын.