Мессиге қарсы ойнаған қорғаушы "Елімайға" ауыспақ
Семейлік клуб 2026/27 маусымындағы Конференция лигасы қарсаңында құрамды күшейтуге кірісті.
Америкалық MLS лигасында өнер көрсеткен сербиялық орталық қорғаушы Страхиня Танасиевич семейлік "Елімаймен" келісімшарт жасаспақ. Ол спорттық мансабында Францияның "Париж" және Италияның "Кьево" клубтарында доп тепкен.
ASNews.kz мәліметінше, 27 жастағы қорғаушы семейлік клубтың жаңа жобасындағы маңызды ойыншылардың бірі болады. Қорғаушының трансферлік құны шамамен 400 мың еуро деп бағаланады.
MLS-тегі маусымы қалай өтті?
Биылғы маусымда Танасиевич MLS-тің Шығыс конференциясында үш матчқа қатысты. "Нью-Йорк Сити" қазіргі таңда конференцияда сегізінші орында тұр.
Қазақстандық жанкүйерлердің назарын аударатын тағы бір жайт, Танасиевич "Интер Майами" шабуылшысы Лионель Мессиге қарсы екі рет ойнаған.
Бұл кездесулер 1:1 және 2:2 есебімен аяқталды. Дәл осы дерек "Елімайдың" Instagram парақшасындағы жуырдағы жазбасына байланысты болуы мүмкін.
"Елімай" еурокубокқа дайындалып жатыр
Танасиевичтің келуі "Елімай" үшін маңызды трансфер болуы мүмкін. Семейлік клуб УЕФА-дан 2026/27 маусымындағы Конференция лигасына қатысуға ресми рұқсат алған.
Сондықтан клуб құрамды күшейтіп, халықаралық деңгейдегі тәжірибесі бар футболшыларды қарастыруда.