"Ордабасы" қатарынан алтыншы жеңісіне жетіп, ҚПЛ-де көшбасшылығын қайтарды (ВИДЕО)
Шымкенттік клуб Қазақстан Премьер-лигасының 15-турында Жезқазғанда "Ұлытауды" минималды есеппен жеңді.
Йонсеннің голы матч тағдырын шешті
Кездесу барысында қонақтар сәл басымдыққа ие болды. Дегенмен алаң иелері де қарсы шабуылдар арқылы “Ордабасы” қақпасына қауіп төндіріп отырды.
Бірінші таймның соңына қарай есеп ашылды. 41-минутта Берн Йонсен баспен дәл соққы жасап, шымкенттік команданы алға шығарды.
Үзілістен кейін екі команданың да қақпасы маңында қауіпті сәттер болды. Дегенмен таблодағы есеп өзгерген жоқ.
“Ордабасы” ҚПЛ көшбасшысы атанды
Бұл матч “Ордабасы” үшін қатарынан алтыншы жеңіс болды. Шымкенттік клубтың еншісінде енді 37 ұпай бар.
Осылайша “Ордабасы” алматылық “Қайраттан” бір ұпайға озып, Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде көшбасшылықты қайтарып алды.
Ал “Ұлытау” 23 ұпаймен кестенің жоғарғы бөлігінде қалып отыр.