Мысыр Аргентинамен өткен ойыннан кейін ФИФА-ға ресми шағым түсірді
Мысыр футбол қауымдастығы (EFA) әлем чемпионатының 1/8 финалында Аргентинаға қарсы өткен матчтағы төрешілікке байланысты ФИФА-ға ресми шағым жолдады.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, Мысыр тарапы француз төрешісі Франсуа Летексьені және оның төрешілер бригадасын кездесудің нәтижесіне әсер еткен өрескел қателіктер жіберді деп есептейді. Осыған байланысты қауымдастық оларды турнирдің қалған ойындарынан шеттетуді талап еткен.
Мысырдың негізгі талаптары
Шағымға EFA президенті Хани Або Рида қол қойған. Құжатта ФИФА-дан матчтағы төрешілердің әрекетіне арнайы тексеріс жүргізіп, француз төрешілер бригадасын әлем чемпионатының соңына дейін қызметінен шеттету сұралған.
Кездесудегі ең көп талқыланған сәттердің бірі 58-минутта тіркелді, осы уақытта Мостафа Зико гол соққанымен, VAR қаралымынан кейін шабуылдың басталуындағы ереже бұзушылыққа байланысты гол есепке алынбады. Ал матчтың қосымша уақытында Аргентина жеңіс голын соққан сәтте мысырлық футболшылар Мохамед Салахқа қарсы жасалған ереже бұзушылық үшін пенальти талап етті. Алайда бас төреші де, VAR жүйесі де бұл эпизодқа араласқан жоқ.
“Матч алдын ала шешіліп қойғандай болды”
Ойыннан кейін Мысыр құрамасының жартылай қорғаушысы Мостафа Зико төрешінің жұмысын сынады.
“Төреші әділетсіз болды. Ол матч басталғаннан-ақ бізге қысым жасады. Жеңіске жеткенімізді қаламағандай әсер қалдырды. Бұл кездесудің нәтижесі алдын ала шешіліп қойғандай көрінді”, – деді футболшы.
Өз кезегінде бас бапкер Хоссам Хассан да төрешілікке көңілі толмағанын айтты.
“Өмір әділетсіз. Бірақ спортта неге әділдік болмайды? Бұл матчтың нәтижесі де, ойынның өрбуі де мені сендіре алмайды. Төреші әділетсіз шешімдер қабылдады. Ол тұтас бір елдің еңбегін жоққа шығарды. Бұл турнир Аргентинаға бағытталғандай көрінеді. Бізге пенальти берілуі керек еді. Сонда есеп 3:1 болар еді. Олар Мессидің соңғы әлем чемпионатында мүмкіндігінше ұзақ ойнағанын қалайды”
Төрешілікке қатысты сын көбейіп келеді
Мысырдың шағымы – ӘЧ-2026 кезіндегі төрешілікке байланысты алғашқы дау емес. Бұған дейін Бельгия футбол қауымдастығы мен УЕФА да ФИФА төрешілерінің шешімдеріне қатысты наразылық білдірген еді. Айта кетейік, Аргентина 1/8 финалда Мысырды 3:2 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Келесі кезеңде әлем чемпиондары Швейцария құрамасымен кездеседі.