Стас Покатилов "Сабахтың" Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне шығуына көмектесті
Қазақстандық қақпашы өнер көрсететін Әзербайжанның "Сабах" клубы УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Финляндияның КуПС клубын 2:0 есебімен жеңді.
Покатилов капитан ретінде шықты
Қарымта кездесу Финляндияның Куопио қаласында өтті. Әзербайжандық клуб сапында Велько Шимич пен Джой-Ланс Микелс нәтижелі соққыларымен ерекшеленді.
Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов кездесуді негізгі құрамда бастап, капитандық таңғышпен толық 90 минут ойнады. Ол бірнеше қауіпті шабуылды тойтарып, командасының қақпасын голдан аман сақтап қалды.
Екі матчтағы жеңіс
Әзербайжанда өткен алғашқы ойында "Сабах" 1:0 есебімен басым түскен. Осылайша бакулықтар екі кездесудің қорытындысы бойынша 3:0 есебімен жеңіске жетіп, Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.
Келесі кезеңде "Сабах" Данияның "Орхус, және Польшаның "Лех" клубтары арасындағы жұп жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, "Сабах" өткен маусымда өз тарихында алғаш рет Әзербайжан чемпионатын жеңіп алды. Осы жетістіктің арқасында команда УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысу құқығына ие болды.