Қазақстандық форвард Ла Лигада дебют жасауы мүмкін
Испаниялық "Атлетико Леванте" сапында өнер көрсететін қазақстандық жас футболшы Алдияр Нұрғали жолдастық кездесуде гол соқты. 18 жастағы вингер сәтті ойынын жалғастырса, "Левантенің" негізгі құрамына шақырылуы мүмкін.
Қазақстандық футболшы Алдияр Нұрғали Испаниядағы маусым алдындағы дайындық аясында нәтижелі ойынымен көзге түсті. Испанияның бесінші дивизионында өнер көрсететін "Асероға" қарсы жолдастық кездесуде алаңға шықты.
Қапталдағы шабуылшы бұл матчта 45 минут ойнап, қарсылас қақпасын дәл көздеді. Оның голы "Левантенің" резервтік командасына 2:0 есебімен жеңіске жетуге көмектесті.
Жаңа маусымды "Атлетико Левантеде" бастайды
Алдағы маусым Алдияр Нұрғали үшін "Атлетико Леванте" құрамындағы алғашқы толық кезең болмақ.
Бұл команда "Левантенің" жастар мен резервтік құрамына жақын құрылым ретінде қарастырылады. Қазақстандық футболшы дәл осы ұжым арқылы негізгі командаға жол ашуға тырысады.
Астана қаласының тумасы 2025 жылдың желтоқсанында Ла Лига клубымен ұзақмерзімді келісімшартқа отырған еді.
Негізгі құрамға қосылуы мүмкін
Алдияр Нұрғалидің айтуынша, клуб басшылығы оған өзін жақсы қырынан көрсеткен жағдайда ересектер командасының жаттығуларына қосылуға мүмкіндік беретінін жеткізген.
"Басшылық маған жақсы өнер көрсетсем, ересектер командасымен жаттығуға қосатынын айтты", — деген еді Нұрғали.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасының футболшысы өткен маусымда "Леванте" U-19 сапында нәтижелі өнер көрсетті. Ол жастар командасында сегіз гол соғып, шабуылдағы әлеуетін көрсетті.