"Оқжетпес" үздік үштікке кірді (ВИДЕО)

Спорт шолушысы

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 20-турында "Оқжетпес" Өскеменнің "Алтай" командасын қабылдады.

"Оқжетпес" үздік үштікке кірді (ВИДЕО)
instagram/@fcokzhetpes

Оралхан Өміртаев дубль жасады

Матчтың алғашқы минуттарын қонақтар белсенді ойнап, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Дегенмен бірінші таймның қосылған уақытында есепті алаң иелері ашты.

Владислав Васильев айып алаңының сыртынан қуатты соққы жасап, допты қақпа маңдайшасының астына бағыттады.

Үзілістен кейін "Алтай" есепті теңестіруге ұмтылды. Дегенмен көп ұзамай көкшетаулықтар қарсы шабуыл ұйымдастырып, басымдығын арттырды. Қапталдан әуелей жасалған пасты Оралхан Өміртаев баспен дәл аяқтады. 

Кейін кездесуде тағы үш гол соғылды. Өскемендіктер сапынан Владимир Воменко мергендік танытса, "Оқжетпес" ойыншысы Денис Митрофанов командасының үшінші добын енгізді.

Матчтың қорытынды есебін Өміртаев белгіледі. Қазақстандық шабуылшы дубль авторы атанды. Есеп 4:1.

Көкшетаулықтар үшінші орынға көтерілді

Осы жеңістен кейін "Оқжетпес" 33 ұпай жинады. Көкшетаулық команда Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде үшінші орынға көтерілді.

Ал 16 ұпай жинаған "Алтай" чемпионат кестесінің соңғы сатысында қалды.