"Жасына да, атына да қарамаймын": Қазақстанның жаңа бапкері футболшыларға талап қойды
Футболдан Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Джон ван ’т Схип қызметіне кіріскеннен кейін алғашқы пікірін білдірді.
Басты мақсатты атады
Ұлттық құрама тізгінін ұстаған Джон ван ’т Схип жаңа қызметіне үлкен құлшыныспен кірісіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ұлттық құраманың алдында ауқымды жұмыс тұр. Бас бапкер қазақстандық футболшылардың еңбекқорлығы мен күрескерлік қасиетін ерекше атап өтті.
“Алда көп еңбек етуіміз керек. Қазақстандықтардың еңбекқор екенін және қажырлы жұмыс істей алатынын білемін. Біздің міндетіміз – осы қасиеттерді дұрыс бағытқа жұмсап, біртұтас команда қалыптастыру және қажетті нәтижеге жету. Ең бастысы – барша жанкүйер мақтан тұтатын ұлттық құрама құруә, – деді ван ’т Схип.
Ұлттық құрамаға кімдер шақырылады?
Нидерланд маманы жақын арада Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін футболшылардың мүмкіндігін жан-жақты саралауды жоспарлап отыр. Бапкердің сөзінше, ұлттық құрама сапына қосылуға кез келген ойыншының мүмкіндігі бар. Футболшының жасы немесе қазіргі мәртебесі шешуші фактор болмайды.
“Барлық үміткерді бақылауда ұстаймын. Жас футболшыларды да, дәл қазір құрамаға шақыртуға лайық ойыншыларды да назардан тыс қалдырмаймыз. Алдағы Ұлттар лигасының матчтарында оңтайлы формада жүрген әрі сынға дайын футболшылар алаңға шығады”, – деді Қазақстан құрамасының бас бапкері.
Қазақстан футбол федерациясы 7 тамызда нидерландтық маман Джон ван ’т Схиппен ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне қатысты келісімге келгенін хабарлады.