"Тобылды" кәсіпкер Әлішер Қожаназаров сатып алды
"Тобыл" президенті қызметіне Olzha Agro компаниясы бас директорының кеңесшісі Айдос Дүйсенбиев тағайындалды.
Қостанайдың "Тобыл" футбол клубы ресми түрде жекеменшік басқаруға өтті. Клуб құрылтайшыларының қатарына Olzha Agro агрохолдингі қосылып, команданың жаңа иесіне айналды. Холдингті кәсіпкер Әлішер Қожаназаров басқарады.
Клуб президенті ауысты
"Тобыл" президенті қызметіне Olzha Agro компаниясы бас директорының кеңесшісі Айдос Дүйсенбиев тағайындалды.
Жаңа басшылық тек негізгі құрамға емес, клубтың бүкіл футбол жүйесіне өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр.
- негізгі команданың дамуы;
- клуб академиясын күшейту;
- балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту;
- спорттық инфрақұрылымды жаңарту.
Мемлекеттік қаржыландыру бірден тоқтамайды
Клуб жекеменшік басқаруға өткенімен, әзірге бюджеттен қаржыландырыла береді.
2026 жылы "Тобылға" мемлекеттік қазынадан 2,1 миллиард теңге бөлінді.
Бұл қаражат команданы жарыстарға дайындауға, инфрақұрылымды ұстауға, жол шығындарына, тамақтануға, қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалады.
Жоспар бойынша, алдағы бес жылда клубтың коммерциялық табысы артқан сайын мемлекеттік қаржыландыру кезең-кезеңімен қысқартылады. Яғни "Тобылдың" жаңа басқару моделі ұзақ мерзімде клубты жеке инвестиция мен коммерциялық кіріс есебінен дамытуға бағытталған.
"Тобылдың" жетістіктері
Қостанай клубы Қазақстандағы ең титулды командалардың бірі саналады.
- Қазақстан чемпионатын 2 рет жеңіп алған;
- Қазақстан кубогын 3 рет иеленген;
- Қазақстан Суперкубогын 4 рет жеңіп алған.