"Ордабасы" "Тобылға" миллиондық сыйақы бермек
ҚПЛ-дың 26-турында "Қайратты" 4:1 есебімен жеңген қостанайлық клубқа чемпиондыққа таласып жатқан "Ордабасы" қомақты қаржылай сыйақы беруі мүмкін.
"Ордабасы" қостанайлықтарға сыйақы ұсынған
ASnews.kz мәліметінше, тур қарсаңында "Ордабасы" басшылығы "Тобылға" "Қайратпен" ойында жеңіске жеткені немесе тең түскені үшін ірі көлемде сыйақы ұсынған.
Алматылық клуб бұл кездесуге дейін чемпиондық жолындағы басты қарсыласы "Ордабасыдан" екі ұпай алда тұрған. Сондықтан "Тобылдың" сенсациялық жеңісі шымкенттік командаға турнир кестесінің көшін қайта бастауға мүмкіндік берді.
Ұсынылған сыйақының нақты сомасы әзірге жарияланған жоқ.
"Ордабасы" көшбасшылығын қайтарып алды
26-турда "Астананы" 1:0 есебімен жеңген "Ордабасы" ұпай санын 58-ге жеткізіп, бірінші орынға көтерілді. Алматыда күтпеген жерден жеңілген "Қайрат" 57 ұпаймен екінші сатыға түсті.
Ал "Тобыл" сырт алаңдағы ірі жеңістен кейін 34 ұпай жинап, турнир кестесінің жетінші орнына жайғасты.
Келесі турда "Қайрат" елордада "Астанамен" маңызды матч өткізеді. "Ордабасы" Түркістанда "Атыраумен" күш сынасса, "Тобыл" өз алаңында Семейдің "Елімайымен" кездеседі.