ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ ҚПЛ

"Астана Аренаға" табиғи газон төселеді

2028 жылғы УЕФА Суперкубогын қабылдайтын "Астана Аренадағы" жасанды төсеніш табиғи газонға ауыстырылады. Бұл туралы ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн мәлімдеді.

"Астана Аренаға" табиғи газон төселеді
vesti.kz

УЕФА талабы – табиғи газон

Қазақстан футболы үшін тарихи матчқа дайындық аясында елордалық стадион УЕФА талаптарына сай жаңғыртылмақ. Негізгі өзгерістердің бірі – алаң төсенішін толықтай табиғи шөпке ауыстыру.

Скотт Маннның айтуынша, "Астана Арена" инфрақұрылымдық мүмкіндіктері жағынан жоғары деңгейдегі стадион саналады.

"Біз "Астана Аренаның" әлемдік деңгейдегі стадион екенін жақсы білеміз. Бұл тек сыйымдылығына ғана емес, корпоративтік инфрақұрылымына, БАҚ өкілдерінің жұмыс істеу мүмкіндігіне және өзге де бағыттарға қатысты. Жобаның негізгі талаптарының бірі матчты табиғи газонда өткізу болды. Сондықтан алдағы уақытта стадиондағы жасанды төсеніш табиғи газонға ауыстырылады", – деді ҚФФ бас хатшысы.

Неліктен стадионда жасанды төсеніш болған?

"Астана Арена" ресми түрде 2009 жылы 3 шілдеде ашылған. Стадион салынған кезде жасанды газонды таңдау елорданың күрделі климаттық жағдайымен түсіндірілген. Астанада қыстағы қатты аяз, температураның күрт өзгеруі және жаздағы құрғақ ауа райы табиғи газонды тұрақты әрі сапалы деңгейде күтіп ұстауды қиындатады. Сол себепті аренаның алаңына ұзақ жылдар бойы жасанды төсеніш пайдаланылып келді.

УЕФА 2028 жылғы Суперкубок матчын "Астана Аренада" өткізу туралы шешім қабылдады. Қазақстан үшін тарихи шешім УЕФА Атқарушы комитетінің Грекияның Салоники қаласында өткен отырысында бекітілді.

УЕФА Суперкубогында дәстүрлі түрде Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары кездеседі. Сондықтан бұл матчтың Астанада өтуі Қазақстан футболы тарихындағы ең ірі халықаралық оқиғалардың бірі болмақ.

Бұл туралы не ойлайсыз?