"Челси" Абдукодир Хусановты сатып алуды көздейді
Лондондық клуб "Манчестер Сити" сапында өнер көрсететін Өзбекстан құрамасының қорғаушысы Абдукодир Хусановтың жағдайын бақылап отыр.
"Челси" Хусановқа қызығушылық танытты
CaughtOffside мәліметінше "Челси" 22 жастағы орталық қорғаушыны қаңтардағы трансферлік терезеде қатарына қосуды көздеуі мүмкін. Лондондық клубтың назарын Хусановтың "Манчестер Ситидегі" ойын уақытына қатысты белгісіздік аударған. Өзбекстан құрамасының футболшысы әзірге Хосеп Гвардиола командасының негізгі құрамынан тұрақты орын ала алған жоқ.
Дереккөз Абдукодир Хусановқа "Челсиден" бөлек Англия Премьер-лигасының тағы үш командасы қызығушылық танытып отырғанын жазды. Бірақ олардың атауы әзірге жарияланған жоқ.
Сонымен қатар "Манчестер Ситидің" қорғаушыны сатуға дайын екені немесе жалға беру нұсқасын қарастыратыны туралы нақты ақпарат жоқ.
Хусановтың трансферлік құны – 50 миллион еуро
Абдукодир Хусанов биылғы маусымда барлық турнирді қосқанда алты матчқа қатысты. Оның "Манчестер Ситимен" жасасқан келісімшарты 2031 жылдың жазына дейін жарамды.
Transfermarkt порталы Өзбекстан құрамасы қорғаушысының нарықтық бағасын 50 миллион еуроға бағалайды. Ұзақмерзімді келісімшарт пен жоғары трансферлік құн "Челси" үшін ықтимал мәмілені күрделендіруі мүмкін.