Дастан Сатпаевтың Англиядағы жаңа бапкері анықталды
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев өнер көрсететін Англияның "Бёрнли" футбол клубы жаңа бас бапкерін ресми түрде таныстырды.
Жаңа бапкер қандай мақсат қойды?
50 жастағы Фабио Челестини Чемпионшиптегі сәтсіз нәтижелерден кейін қызметінен босатылған Ники Хайеннің орнына келді.
Швейцариялық маман Англиядағы жаңа қызметіне кіріспес бұрын клубтың әлеуетіне жоғары баға беріп, командаға деген сенімін білдірді.
"Мен "Бёрнлидің" мүмкіндігі зор екенін көріп отырмын. Командада жанкүйерлеріміз күткен мақсаттарға жетуге қабілетті сапалы футболшылар бар. Қазір қандай жағдайда тұрғанымызды жақсы түсінемін. Бұған дейін де осындай қиындықтарға тап болғанмын. Жанкүйерлер алғашқы минуттан бастап өз күшіне сенімді, жеңіске ұмтылатын команданы көруге лайық", – деді Челестини.
Жаңа бапкер алғашқы ресми кездесуін 31 қазанда өткізеді. Бұл күні "Бёрнли" Англия Чемпионшипының кезекті турында өз алаңында "Портсмутты" қабылдайды.
Айта кетейік, Ники Хайен қызметінен кеткеннен кейін ағылшындық клубтың тізгінін "Ливерпульдің" аңыз ойыншысы Стивен Джеррард ұстауы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Алайда клуб басшылығы Челестиниге сенім артты.
Фабио Челестини кім және қандай жетістіктерге жеткен?
Фабио Челестини – Еуропа футболында тәжірибе жинақтаған швейцариялық маман. Ойыншы кезінде жартылай қорғаушы болған ол Швейцария, Франция және Испания чемпионаттарында өнер көрсетті.
Футболшы ретіндегі басты жетістіктерінің қатарында 1998 және 1999 жылдары "Лозаннамен" бірге Швейцария кубогын жеңіп алуы бар. Сондай-ақ Францияның "Труа" клубымен Интертото кубогын иеленіп, Швейцария құрамасы сапында 2004 жылғы Еуропа чемпионатына қатысты.
Челестини бапкерлік жолын 2011 жылы бастап, алғашқы жылдары жаттықтырушының көмекшісі қызметін атқарды. Кейін бірқатар клубты өз бетінше басқарды.
Челестинидің мансабында "Тобылдың" да ізі бар
Бір қызығы, швейцариялық маманның бапкерлік мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі Қостанайдың "Тобыл" клубымен жанама түрде байланысты.
2023/2024 жылғы Конференциялар лигасының іріктеу кезеңінде қостанайлық команда Швейцарияның "Базель" клубын сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіп, екі матчтың қорытындысында қарсыласын турнирден шығарған.
Осы сәтсіздіктен кейін "Базельде" бапкерлер ауысымы орын алып, кейін команданың тізгінін Фабио Челестини ұстады.
Швейцариялық маманның жетекшілігімен "Базель" 2024/2025 жылғы маусымда тарихи табысқа жетті. Клуб ел чемпионатында топ жарып, Швейцария кубогын да жеңіп алды. Осылайша Челестини командасымен бірге "алтын дубль" жасады.
Мұндай жетістіктен кейін бапкер Мәскеудің ЦСКА клубына ауысты. Ресейдегі жұмысын да ол олжалы бастап, ел Суперкубогын жеңіп алды.
Алайда кейінгі нәтижелер басшылықтың көңілінен шықпай, маман 2026 жылдың мамырында қызметінен босатылды. Содан бері жұмыссыз жүрген Челестини енді мансабын Англияда жалғастырады.