Фабио Каннаваро Өзбекстан құрамасынан кете ме?
Италиялық маман Өзбекстан құрамасындағы жұмысын мерзімінен бұрын аяқтауды қарастырып жатыр.
Каннаваро неге қызметінен кеткісі келеді?
Белгілі футбол инсайдері Фабрицио Романо X әлеуметтік желісіндегі парақшасында италиялық бапкердің болашағына қатысты ақпарат жариялады.
Оның мәліметінше, Азия кубогының басқа мерзімге ауыстырылуы Каннавароның жоспарларына әсер еткен. Осыған байланысты маман Өзбекстан құрамасындағы қызметін жалғастыру мәселесін қайта қарастырып жатыр.
Әзірге бапкердің жұмыстан кететіні туралы ресми шешім жарияланған жоқ.
Бастапқы жоспар бойынша 2027 жылғы Азия кубогы Сауд Арабиясында 7 қаңтар мен 5 ақпан аралығында өтуі тиіс болатын. Бірақ Таяу Шығыстағы шиеленісті жағдайға байланысты жарыс күнтізбесіне өзгеріс енгізілгені хабарланды. Жаңа жоспарға сәйкес, құрлықтық дода 2027 жылғы 23 желтоқсаннан 2028 жылғы 21 қаңтарға дейін ұйымдастырылмақ.
Бұл өзгеріс италиялық маманның алдағы жоспарларына ықпал етіп, оның ұлттық құрамадағы болашағына қатысты белгісіздік туғызды.
Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатындағы нәтижесі
Фабио Каннаваро Өзбекстан құрамасының тізгінін 2025 жылдың қазан айында ұстаған. Оның жетекшілігімен команда 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысты. Өзбекстандық футболшылар топтық кезеңде сәтсіз өнер көрсетті.
Өзбекстан құрамасы Португалия, Колумбия және Конго Демократиялық Республикасымен кездесіп, үш ойында да ұпай жинай алмады.