Қазақстан U-18 құрамасы Грузияны екінші рет жеңіп, камбэк жасады
Футболдан Қазақстанның 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы Тбилисиде өткен жолдастық кездесуде Грузияны 3:1 есебімен ұтты.
Кездесудің алғашқы жартысы алаң иелерінің басымдығымен аяқталды. Грузия құрамасы үзіліске 1:0 есебімен алда кетті. Бірақ екінші таймда Қазақстан жасөспірімдері таразы басын теңестіріп қана қоймай, жеңісті өз пайдасына шешті. Қонақтар үш гол соғып, 3:1 есебімен жігерлі жеңіске жетті.
Қазақстан сапында Дәулет Орынбасар пенальтиді дәл орындады. Сонымен қатар Мансұр Авасханов пен Сұлтанәлі Абдуәли мергендігімен көзге түсті.
Бұл – екі құраманың Тбилисидегі оқу-жаттығу жиыны аясындағы екінші жолдастық кездесуі. 15 қарашада өткен алғашқы ойында да Қазақстан құрамасы жеңіске жеткен еді. Сол матчта Расул Досан мен Дәулет Орынбасардың голдары қонақтарға 2:1 есебімен жеңіс сыйлады.
Осылайша Қазақстан U-18 құрамасы Грузияға қарсы екі кездесуде де жеңіске жетті. Ал Орынбасар екі матчта да гол соқты.