Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасына қайта оралуға дайын
Футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Талғат Байсуфинов ұлттық командаға қайта оралуы мүмкін.
Ұлттық құрамаға қандай жағдайда оралады?
Белгілі спорт комментаторы Ерсін Ерік Instagram парақшасында Талғат Байсуфиновпен кездескенін мәлімдеді. Әңгіме барысында тараптар Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы соңғы ойындарын және ұлттық команданың қазіргі жағдайын талқылаған.
Комментатордың айтуынша, Байсуфинов бас бапкерлік қызметтен кеткеніне қарамастан Қазақстан құрамасының әр кездесуін жіті қадағалап, футболшылардың нәтижесіне алаңдаушылық білдіріп отырады.
"Кеше Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Талғат Байсуфиновпен кездесіп, ұлттық құрамамыздың Ұлттар лигасындағы соңғы ойындарын талқыладық. Бір байқағаным, Талғат аға қазір команданы жаттықтырмаса да, оның бірде-бір кездесуін жібермейді. Әр нәтижесіне шын жүректен алаңдайды. Бұл – өз ісіне және ұлттық құрамаға деген адалдықтың белгісі", – деп жазды Ерсін Ерік.
Бас бапкер болу міндетті емес
Ерсін Еріктің сөзінше, Талғат Байсуфинов ұлттық құрамадағы жұмысын қайта жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Дегенмен ол үшін Қазақстан футбол федерациясы тарапынан сенім көрсетіліп, кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасалуы тиіс.
"Әңгіме барысында түсінгенім, егер Талғат Маруанұлына тиісті сенім артылып, жұмыс істеуге қажетті жағдай жасалса, ол ұлттық құрамаға қайта оралуға дайын. Міндетті түрде бас бапкер болуы шарт емес. Басқа қызметте де ел футболының дамуына үлес қосуға ниетті", – деді комментатор.
Айта кетейік, әзірге Қазақстан футбол федерациясы Байсуфиновтың ұлттық құрамаға ықтимал оралуына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Байсуфиновтың Қазақстан құрамасындағы нәтижесі
Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасын соңғы рет 2025 жылғы 30 қыркүйектен 2026 жылғы 22 маусымға дейін жаттықтырды.
Алғашында бас бапкердің міндетін уақытша атқарған маман 2026 жылғы 28 қаңтарда команданың тізгінін ресми түрде ұстады. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы сегіз кездесу өткізді:
- 3 жеңіс;
- 3 тең ойын;
- 2 жеңіліс.