ҚФФ ҚПЛ-2027 маусымындағы легионерлер лимитін түсіндірді
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 2027 жылғы маусымында клубтар өз өтініміне тоғыз легионерге дейін енгізе алады.
ҚФФ жұмыс тобы қандай ұсыныстарды қарайды?
Федерация ҚФФ мен кәсіби клубтардың өкілдерінен жұмыс тобын құрады. Топ 2027 жылғы маусым барысында клубтардың ұсыныстарын зерделеп, команда өтініміндегі легионерлер мен Қазақстан футболы тәрбиеленушілерінің санына қатысты ұсынымдарын ҚФФ Атқарушы комитетіне ұсынады. Федерация ұзақ мерзімді регламент әзірлеуде клубтар мен ұлттық құраманың мүддесін ескеруді көздеп отыр.
ҚПЛ-да легионерлер квотасы қалай қысқарады?
ҚФФ 2025 жылдың күзінде клуб өтініміндегі шетелдік ойыншылар санын кезең-кезеңімен қысқарту жоспарын бекітті. Лимит 2025 жылы 12 ойыншы болса, 2026 жылы 10-ға, 2027 жылы тоғызға дейін қысқарады. Бастапқы жоспарда 2028 жылы бір клубтың өтініміне ең көбі сегіз легионер мен кемінде 16 жергілікті тәрбиеленуші енгізу көзделген.
Еске салайық, 2025 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев легионерлерді мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салатын заңға қол қойған.