![ҚФФ-ке тағы да жанжал қаупі төнді](https://penalty.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/12/67ac0def55fc9164955380.jpg)
Қазақстан футбол федерациясы әлі күнге дейін ресми күнтізбені бекітпеген.
Қазақстан футболында кезекті рет дау басталғалы тұр: ел біріншілігінде өнер көрсететін клубтарға 2025 жылғы маусым күнтізбесінің жаңа нұсқасы таныстырылды.
Бұл өзгерістің авторы – ҚФФ президенттігіне үміткер болған, қазір Федерация басшыларының бірі Ерлан Жамантаев. «Серый Кардиналға» сілтеме жасаған Offside.kz ақпары бойынша, ол клубтарға ресми хат жолдап, турнир қатысушыларын сертификаттау процесін бастап кеткен.
Алайда бұл бастама жағдайды одан әрі ушықтырып жіберген. Себебі, Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) әлі күнге дейін ресми күнтізбені бекіткен жоқ. Ал федерация басшылығы өкілдері арасындағы екі жаққа бөлінушілік клубтарды қиын жағдайда қалдырып отыр:
Қазіргі таңда ҚФФ-да екі түрлі ықпал орталығы қалыптасқан:
• Бір жағында – желтоқсанда сайланған Федерация президенті Марат Омаров.
• Екінші жағында – клубтар мен өңірлік федерациялардың қолдауына ие Ерлан Жамантаев.
Бұл қайшылық футбол маусымының басталуына қауіп төндіруде.
«Серый Кардиналдың» айтуынша, Омаров пен Жамантаев тез арада келіссөздер жүргізіп, ортақ шешімге келуі тиіс.
"Егер тараптар келісімге келе алмаса, чемпионат кешігіп басталуы мүмкін. Мұндай масқараны Омаровқа да, Жамантаевқа да кешірмейді. Дау ушыға берсе, бұл жанжал ұлттық деңгейге шығып, ҚР Спорт министрлігі мен мемлекеттік органдардың араласуына алып келуі ғажап емес", – деп жазады дереккөз.