
Бүгін ел футболының жаңа маусымы Қазақстан Суперкубогы ойынымен ресми түрде ашылады. Бұл матчта ел чемпионатының жеңімпазы "Қайрат" пен Қазақстан Кубогының иегері "Ақтөбе" кездеседі.
Республикалық Sports.kz интернет-порталы Қазақстан футболының белгілі маманы Асқар Қожабергеновпен байланысып, алдағы матчқа қатысты пікірін білді.
— Асқар Сейдахметұлы, ертеңгі матч туралы не ойлайсыз?
— Суперкубок ойыны ел футболындағы жаңа маусымның ашылуын білдіреді. Чемпион мен Кубок иегері кімнің мықты екенін анықтайды. Кездесудің тартысты өтетініне сенімдімін. Екі команда да жоғары деңгейде өнер көрсетуге тырысады.
— Бұл матчта фаворит кім деп ойлайсыз?
— Қазір командалардың нақты фаворитін анықтау қиын. Олар маусым алдындағы оқу-жаттығу жиындарынан енді ғана оралды. Жолдастық матчтар бір бөлек, ал ресми ойын мүлдем басқа деңгейде өтеді. Ойын қай команданың дайындық кезеңін сәтті өткізгенін көрсетеді.
— "Астана Арена" 2023 жылдың соңынан бері алғаш рет матч қабылдайды. Бұған қатысты пікіріңіз қандай?
— "Астана Арена" — елдің басты стадионы. Жаңартылғаннан кейінгі жағдайын көру қызықты болмақ. Қыстыгүні жабық стадионда маңызды матч өткізу — өте ыңғайлы шешім.
— Ойын билеттері толық сатылып кеткені белгілі. Қай команданың жанкүйерлері басым болады деп ойлайсыз?
— Стадионның лық толуы қуантады. Бұл футболға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Алматы мен Ақтөбе жанкүйерлері үшін Астанаға жету арақашықтығы шамалас. Сондықтан қос команданың да жанкүйерлік қолдауы өте жоғары болады.
— "Қайрат" құрамына қандай өзгерістер енді?
— "Қайраттың" жаңа ойыншыларының ішінде Дан Глейзерді ерекше атап өткім келеді. Ол жоғары деңгейдегі лигада ойнаған, ұлттық құрама сапында да тәжірибесі бар. Сондай-ақ, Жоржиньо шабуыл шебіндегі Жоао Пауло мен Элдер Сантанаға бәсекелестік тудыра алады.
— "Ақтөбе" командасының трансфер саясатына қандай баға бересіз?
— "Ақтөбе" құрамына жаңадан қосылған ойыншыларды әзірге бағалау қиын. Дегенмен, сербиялық шабуылшының келуі мені алаңдатады. 28 жасында 18 команда ауыстыруы күмән тудырады.
— Қай команда маңызды ойыншыларынан айырылды?
— "Қайрат" үшін негізгі мәселе — қақпашы позициясы. Устименко мен Ульянов командадан кеткен соң, Заруцкий мен Анарбеков қалай өнер көрсететіні белгісіз. Ал "Ақтөбенің" басты жоғалтуларының бірі — Лео Струмия, ол команда капитаны және ойын стилін қалыптастырушы еді. Габи Кики де ойнамаса, бұл "Ақтөбе" үшін үлкен проблема болуы мүмкін.
— Бұл матчқа болжамыңыз қандай?
— Ойын қызу өтеді. Толық стадион, жоғары деңгейдегі бәсеке болады. Мен "Қайратқа" аздап басымдық беремін, себебі олар қазіргі чемпион.