
Мадридтік "Реал" аңызы Рауль "Шальке" клубының бас бапкері болуға жақын.
Немістің екінші Бундеслигасында өнер көрсететін “Шальке” желтоқсан айында спорт директоры Марк Вильмотсты, бас бапкер Карел Герартсты және оның көмекшісі Тим Смолдерсты қызметінен босатты.
Қысқы маусымаралық үзіліс кезінде клуб Раульмен келіссөз жүргізуге тырысқанымен, ол «Кастильяда» қалуды жөн көрді. Нәтижесінде “Шалькенің” тізгінін Кис ван Вондерен ұстады.
Испандық маманның “Реал” жүйесіндегі «Кастилья» командасымен келісімшарты жазға дейін жалғасады. Егер ван Вондерен маусым соңында “Шалькеден” кетсе, неміс клубы Раульді тағы шақыруға ниетті.
Испаниялық шабуылшы 2010-2012 жылдар аралығында “Шальке” сапында ойнап, клубтың маңызды ойыншыларының бірі болды. Оның қайта келуі жанкүйерлер үшін тарихи сәт болуы мүмкін.
Егер келісім жүзеге асса, Рауль үшін бұл үлкен қадам болмақ – ол алғаш рет жоғары деңгейлі клубта бас бапкер қызметін атқарады.