
"Манчестер Сити" және Өзбекстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Абдукодир Хусанов 21 наурыз күні Ташкенттегі "Жаңа Өзбекстан" саябағында өткен Наурыз мейрамына арналған шараға қатысты.
Шара аясында талантты футболшы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевке өзінің есімі жазылған “Манчестер Сити” клубының жейдесін сыйға тартты.
Жарияланған фотолардан Хусановтың бұл кездесуге әкесі Хикмат Хашимовпен бірге келгені байқалады. Бұл кездесудің өзі – тек футбол ғана емес, ұлттың болашағы саналатын жастарға көрсетілген қолдаудың нышаны іспеттес.
Абдукодир Хусанов 20 наурыз күні Қырғызстанға қарсы өткен матчта алаңға шықты. Ал 25 наурызда Иранға қарсы ойынға да қатысады.
Еске сала кетейік, қаңтар айының соңында, Шавкат Мирзиеёв Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары барысында Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халид ибн Мұхаммед Әл Нахайянмен кездескен болатын.
Шейх – «Манчестер Сити» клубының иесі.
Кездесу кезінде Өзбекстан президенті Абдукодир Хусановтың "Манчестер Сити" сапына ауысуы туралы да сөз қозғаған. Бұл – ел үмітін арқалаған жас футболшыға халықаралық деңгейде қолдау көрсетіліп жатқанын білдіреді.