
Қазақстанның Құрлықтық хоккей лигасындағы (КХЛ) жалғыз өкілі — астаналық "Барыс" клубы алдағы 3х3 форматындағы маусымға қатыспауы мүмкін.
Бұл туралы ресейлік "Головой Об Лёд" Telegram-арнасы хабарлады. Ұйымдастырушылар жаңа маусымда қаржыландыру шарттарын өзгертіп отыр. Бұған дейін командалардың ұшуға байланысты шығындарын лига демеушілері көтеріп келген болса, енді бұл міндет клубтардың өзіне жүктелуі мүмкін.
Мұндай өзгеріс "Барыстың" қатысудан бас тарту ықтималдығын күрт арттырады. Клубтың 3х3 форматындағы болашағы туралы соңғы шешімді жаңа тағайындалған бас менеджер қабылдайды.
Сонымен бірге "Барыс" фанаттары команданың 3х3 форматындағы ойын деңгейін жиі сынға алып жатыр. Әлеуметтік желіде жанкүйерлер ойыншылардың алаңдағы белсенділігі төмен екенін, матчтарда жиі ірі есеппен жеңіліп жатқандарын атап өтуде. Бұл да клубтың жаңа маусымға қатысуына теріс әсер етуі мүмкін факторлардың бірі.